БІЗ ҰМЫТҚА ҚАЛДЫРҒАН НАМАЗ
БІЗ ҰМЫТҚА ҚАЛДЫРҒАН НАМАЗ

БІЗ ҰМЫТҚА ҚАЛДЫРҒАН НАМАЗ !!!

Ислам – адамның кез-келген сауалына жауап беретін, тығырықтан шығар жолды көрсететін, бақытты болудың негізгі қағидаларын үйрететін, адам баласының «өмір» атты белесіндегі ірілі-ұсақты жағдаяттарда дұрыс бағыт беретін иләһи дін. Адам баласы қиналғанда өзін сұрақтың астына алатыны ақиқат. Алайда сол сансыз сауалдарға жауаптардың Құран деген «қасиетті» кітап пен хадис атты «қастерлі» сөздерден табылатынын біле бермейді-ау. Алла Тағала да Құранда соны меңзеп: «Барлық кіші және үлкен нәрслер жазылған» деп (Қамар, 53-аят) бұл «құдіретіне» ишарат еткен...

Өмір – ақ пен қарадан, жақсылық пен жамандықтан, қуаныш пен қайғыдан тұратын уақытша сынақ мекені. « Өмір деген – көк аспаннын күркірі» демекші, кейде қиындықтарда сағың сынып жылап алғың келетіні секілді, кейде « Өмір деген бір жарқ еткен найзағай» дегендей, «балаша қуанып, бақыттың базарында жүретініміз» тағы бар. Иә, бұл өмірдің негізгі аксиомасы. Оны ешкім де өзгерте алмайды. Себебі, қайсыларымыз сабырлы болатынымызды сынау үшін (Бақара 155-аят) аштық пен тоқтықты және қайсыларымыз жақсы амал жасайтынымызды анықтау үшін өмір мен өлімді Жаратқан (Мүлк, 2-аят) Алла тағала емес пе!? Бәрін Жаратушы, Басқарушы!!!

Иә, саған келген қиындық пайғамбарларға да, сахабалар мен шыншылдар, әулиелер мен ғалымдарға да келді. Тек олар сол тығырықтан қалай шығуды білді. Ал, біздер ше? Қиналған кезде ең әуелі қандай амал жасауға асығамыз? Көмекті әуелі Алладан сұрап намазға жығыламыз ба, әлде «жаратылғаннан» сұрап, жалпақтаймыз ба? Сенің Аллаң бар емес пе? Неге өзіңді өзгеге кіріптар, бағынышты етесің? Жүректерді құбылтушы Алла емес пе? Алғашқы дәуірдегі сәләфтар басшының, халифаның алдына кірмес бұрын екі ракағат «Қажет» намазын оқып алатын. Ал сен ше?

Иә, айтайын дегенім «қажет» намазы туралы. Дүниелік не ақыреттік қалауы бар, өмірден қатты қиналған адамның оқитын намазы. Аты айтып тұрғандай, «қажетіңді» өтеп беретін намаз – осы!  Өзім мешітте имаммын. Менен келіп, «Истихара», «Тәубе», « Сәлем намазы» т.с.с. секілді намаздардың қалай оқылуы керектігі туралы сұрап жатады. Алайда бірде-біреуі келіп «қажет» намазы туралы сұраған емес. Неге? Оның жауабы: олар ондай намаздың бар екенін білмейді немесе бәлсе де маңызды деп ойламайды.

«Қажеттілік» намазының маңызы еленбей жатқаны өкінішті-ақ. Алла Тағаланың таңдаған, біздер үшін қоштап, ұнатқан діні сенің «уайымыңды» сейілтетіндей керемет дін. Ал, сен болсаң өзіңді мұсылман санасаң да, осы намаздан бейхабар болып жүрсің!

Алла елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): « Кімде-кімнің Алладан не адамдардан бір тілегі болса, жақсылап тұрып дәрет алып,екі ракағат намаз оқысын. Одан кейін Аллаға мадақ-мақтау айтып, елшісіне (Алланың оған игілігі мен сілемі болсын) салауат айтсын. Артынша мына дұғаны оқысын:

لاَ اِلَهَ الاَّ اللهُ الْحَلِيمُ الْكَريمُ سُبْحَانَ اللهِ رَبِّ الْعَرْشِ الْعَظيمِ الْحَمْدُ لِلهِ رَبِّ الْعالَمِين اَسْئَلُكَ مُوجِباتِ رَحْمَتِكَ وَ عَزَآئِمَ مَغْفِرَتِكَ وَ الْغَنيمَةَ مِنْ كُلِّ بِرٍّ وَ     السَّلامَةَ مِنْ كُلِّ اِثْمٍ لاَ تَدَعْ لي ذَنْباً الاَّ غَفَرْتَهُ وَ لا هَمّاً إلاَّ فَرَّجْتَهُ وَ لاَ حاجَةًَ هِىَ لَكَ رِضاً قَضَيْتَها يآ اَرْحَمَ الرَّاحِمينَ

«Ләә иләһә иллал-лоһул-халимул-кәрим. Субхан-Аллаһи Раббил-а’ршил-а’зим. Әл-хәмду лилләһи раббил-а’ламин. Әсәлукә мужибаати рахматика уә азаимә мағфиратикә уәл-ғанимәтә мин кули биррин уәс-сәләәматә мин кулли исмин ләә тәда’ ли зәнбән иллә ғафәртәһ уә ләә һәммән иллә фәррәжтәһ, уә ләә хәәжәтән һиә ләкә ридан иллә қадайтәһә иәә әр-рахамәр-рәхимиин»[Тирмизи 479, ибн Мәжә 189, Хаким «Мустадрак» 1239]

Мағынасы: «Халим (биязы) әрі Жомарт Алладан басқа құдай жоқ. Ұлы арштың    Раббы Алла барлық кемшіліктерден пәк. Хамд пен мадақ әлемдердің Раббы Аллаға ғана тән. Уа Аллаһым! Рақымдылығың қажет еттірген нәрселеріңді, ап-анық кешіріміңді, әрбір жақсылыққа жеткізуіңді, әрбір күнәдан алыстатуыңды сенен тілеймін. Күнәларымды кешір! Қайғы-мұңымнан арылт! Ризалығыңа лайық қажеттілігімді бер. Ей, рақымдылардың Рақымдысы, Аллаһым!»

Риуаяттарға қарасақ, жаздың бір күні сахаба хазірет Әнасқа (р.а.) бақша күтушісі келіп, көптен жауын жаумай, бақшаның қурап бара жатқанын мұң етеді. Бұны естігенде, хазірет Әнастың есіне Расулалланың «Қандай да бір тілегі бар жан екі рәкат намаз оқып, Аллаға дұға етсін» деген кеңесі түседі. Іле дәрет алып, намазға тұрады. Сәлем бергеннен кейін бақша күтушісіне: «Аспанға қарашы, ештеңе байқалмай ма?» деп сұрайды. Бақша күтушісі «Ештеңе байқай алмай тұрмын» дейді. Хазірет Әнас қайтадан ішке кіріп, намаз оқуын жалғастырады. Бірнеше рет бақша күтушісінен «Аспаннан ештеңе байқалмай ма, қарашы?» деп сұрағанда, ол әлден уақытта «Шөкімдей бір бұлт көрдім» дейді. Хазірет Әнас намазы мен дұғасын тағы да жалғастыра түседі. Сәлден кейін бақша күтуші хазірет Әнастың жанына келіп: «Аспанды бұлт торлап, жаңбыр жауа бастады» дейді. Бұны естігенде Әнас (р.а.) «Қане, атыңа мін де, жаңбыр қай жерлерге дейін жауғанын байқашы» дейді. Маңайды байқап қайтқан бақша күтушісі жаңбырдың тек хазірет Әнастың үлкен бағының көлеміне ғана жауғанын айтады (Ибн Сағыд, әт-Taбақатул-кубра, 7 / 21-22.)

Сахабалардың арасында Әбу Муалллақ (р.а.) есімді саудамен айналысатын бір кісі бар еді. Бір жолы сауда мақсатында сапарға шықты. Ол уақыттарда жол жүру қауіпті болатын. Осы себепті қандықол қарақшының қолына түсіп қалады. «Нең бар, әкел, әйтпесе, сені өлтіремін» дейді тонаушы. Оның қорқытқанына Әбу Муалллақ: «Мақсатың дүние болса, барымды ал» дейді. Бірақ қарақшы тек дүниесін тартып алуды емес, оны өлтіріп, ізін жасырғысы да келген еді. «Мен сені бәрібір өлтірмей тынбаймын» дейді. Әбу Муалллақ қарақшыдан намаз оқуға рұқсат сұрайды. Рұқсат берген кезде, Әбу Муалллақ намаз оқып, дұға етеді. Дұғасын үш рет қайталап бет сипағанша, қаруы бар бір атты кісінің шауып келіп, қарақшыны найзамен түйреп өлтіргенін көреді. Әбу Мылақ аттының кім екенін сұрағанда, дұғасына қарай көмек үшін жіберілген періште екенін біледі. Және де ол былай дейді: «Мынаны біліп қой, дәрет алып төрт рәкат намаз оқыған әрі осы дұғаны айтқан адам қиыншылыққа ұшырасын-ұшырамасын дұғасы қабыл болады» (Ибн Хажар, әл-Исаба, 4/182)

Міне, бұл намаздың «ақиқатын» енді ұққандай болдық. Біз мүминдер «Қажет» намазы секілді теңдессіз қазынамыз бар екенін біле бермейміз. Өкініштісі сол, мұсылмандардың көпшілігі бұл намазды оқи бермейді. Енді оқып жүрейік !

САБЫРҒАЛИЕВ НҰРЛЫБЕК

АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ

«ӘЛ-ЛӘТИФ» МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ

НУРЛЫБЕК САБЫРГАЛИЕВНУРЛЫБЕК САБЫРГАЛИЕВ
7 жыл бұрын 7733
0 пікір
Блог туралы