МӘЗҺАБ ИМАМДАРЫ ТУРАЛЫ ИШАРА РЕТІНДЕ АЙТЫЛҒАН ХАДИСТЕР БАР ЕКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?
МӘЗҺАБ ИМАМДАРЫ ТУРАЛЫ ИШАРА РЕТІНДЕ АЙТЫЛҒАН ХАДИСТЕР БАР ЕКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?

МӘЗҺАБ ИМАМДАРЫ ТУРАЛЫ АЛЛА ЕЛШІСІНІҢ (АЛЛАНЫҢ ИГІЛІГІ МЕН СӘЛЕМІ БОЛСЫН) ХАДИСТЕРІ  БАР ЕКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?

 

Тәуелсіздік таңы атып, еліміз өз алдына мемлекет болғалы 
бері дініміз өркен жайып, халқымыз ислам қайнарларынан 
сусындауға қол жеткізді. Ислам қағидаларын ұстанып, шариғат 
бұйрықтарын орындау үшін талпынған мұсылман жұртымыздың 
Құран Кәрімді және Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннетін үйренуге ықыластары артып келеді.

Халық ішіне ислам дінінің асыл қазыналарын насихаттайтын 
газет-журналдар, діни басылымдар күн санап көбейіп,  Аллаһтың 
ақиқат сөзі, қасиетті Құран Кәрімнің аяттары, сүрелері және 
пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ) салған сара жолы, өсиет, хадистері кеңірек таныстырылуда.  Алайда олардың ішінде қай хадистер жалған немесе әлсіз, сахих немесе хасан екенін қарапайым қараша халық біле бермейді.  Осы олқылықтың орынын толтыру мақсатында осы жазбамды арнап отырмын. Бұл мақаламда  мәзһаб имамдарына қатысты хадистердің  қайсысы сенімді не ойдан тоқылған екенін қысқа да нұсқа етіп айтып беруді мақсат еттім. Мәзһаб имамдары туралы алып-қашпа әңгімелерге нүкте қойып, халық арасында сенімді хадистерді ғана таратуға аз да болса үлесім тисін деген тілек қана бізде...

МӘЗҺАБ ИМАМДАРЫ ТУРАЛЫ ЖАЛҒАН ХАДИСТЕР

Жалпы, Алла елшісінің (ﷺ) имамдарымыздың  атын атап, түсін түстеп көрсеткен ешқандай хадисі жоқ. Алайда, небір өтірікшілер Имам Шафиғи мен Имам Әбу Ханифаның атын атау арқылы жалған хадистер ойлап тапқаны рас ...

Мысалы, имам әз Зәһәбидің айтуы бойынша Ахмад ибн Абдуллаһ ибн Халид әл Жуәйбәри деген адам жалған хадис шығарумен айналысқан. Ол «Каррамия» ағымының басшысы Мухаммад ибн Каррамның қалауына сай жалған хадис шығаратын. Мысалы, Әнәс ибн Маликке ( Алла оған разы болсын) телінген жалған (яғни, ойдан шығарылған хадис) хадисте:

« Үмбетімнің ішінен Әбу Ханифа деген біреу шығады және Аллаһ оның қолымен сүннетімді тірілтеді»,- деп келеді. [ Имам Зәһәби, «Мизан» 3/169]

Имам ас Суютый Имам ибн Хиббанның әл Жуәйбәри атты ойдан хадис шығарушыны «дәжжал», ал имам Нәсәидің оны «кәззәп» деп сипаттағанын келтіргенін айтады. [ Суютый, «Ләлиу Масну'а» 1/39-бет]

Сол сияқты тағы да Әнәс ибн Мәликке  (Алла оған разы болсын) телінген басқа бір хадисте:

« Менің үмбетімнен Мухаммад Идрис аш Шафи'и деген кісі келеді. Ол үмбетіме Ібілістен де бетер зиянды.  Сол сияқты үмметімнен Әбу Ханифа деген кісі келеді. Ол - үмметімнің шамшырағы»,- деп келеді. Бұл хадистің тізбегінде Мәмун және Ахмад ибн Абдуллаһ ал Хуәйбәри деген адамдар ойдан хадис тоқумен танылған. [ Ас Суютый, «Ал Леали ал Масну'а» 1/460]

Сол сияқты Әбу Һурайраға ( Алла оған разы болсын) телінген келесі хабарда:

«Менің үмметімнен Нұғман есімді, Әбу Ханифа лақап атында біреу келеді. Ол - үмметімнің шамшырағы»,- деп келеді. Имам Хаким хадистің тізбегіндегі Әбу Абдуллаһ Мухаммад ибн Са'ид әл Марузи ал Бурқи деген кісінің «жалғаншы кәззап» екенін атап өткен. [ Суютый, «Леали» 1/457]

ЖАЛҒАН ХАДИСТЕРДІҢ ШЫҒУ  СЕБЕПТЕРІ

Белгілі тұлғалар туралы ойдан хадис шығару құбылысы хижри ІІІ ғасырда, фиқһ мәзһабтарының шығуымен орын алды. Кейбір имамдардың соңына ергендер ЕЛІКТЕУШІЛІКТЕ ШЕКТЕН ШЫҚҚАНДАР өз имамын мақтау мақсатында осындай мәтіндегі хадистер ойлап тапқан.

Әуел баста ислам дініне қарсы әрекет жасаушылармен бірге,
ұстанған саяси топтары мен құқықтық мәзһабтарын, қауымы мен 
тайпаларын, соңына ерген имамдары мен басшыларын мадақтау,
халифа мен әміршілеріне жағымпаздану және адамдардың 
дінге қызығушылығын арттыру мақсатында дін дұшпандары, 
жалғаншылар мен надандардың ойдан шығарған әрі сол ой 
дан құрастырған сөздерінің дәрежесін көтеру үшін танымал 
хадис жеткізушілерден  тізбек тізіп, бейне бір хадис секілді
пайғамбарға жалғандықпен телінген сөздерді « жалған хадистер» 
деп айтамыз.

Жалған хадис араб тілінде  «маудуғ хадис» деп 
танылады. Шын мәнісінде, бұл сөздер хадис болмағандықтан 
хадис деп те атай алмаймыз. Бұлар жалғандықпен сипатталып,
Пайғамбарымыздың (ﷺ):  «Менің атымнан жалған 
сөйлемеңдер. Кімде-кім менің атымнан жалған сөйлесе,
өзіне тозақтан орын дайындай берсін»,-деген ескертуіне 
қарамастан исламның алғашқы кезінде-ақ түрлі себептермен 
жалған хадистер пайда бола бастады, тіпті тізбегі пайғамбарға (ﷺ)  телініп, дұрыс хадис ретінде риуаят етіледі.

Жалған хадистердің шығуына әсер еткен бірнеше факторлар:

-         Саяси келеңсіздіктер;

-         Сенім мәселесіндегі келіспеушіліктер;

-         Исламға қарсы дұшпандық;

-         Ұлтшылдық пен мәзһаб бірбеткейлігі;

-         Қиссашылар нееемесе күнкөріс  қамы үшін жалған сөйлеушілер;

-         Тәрғиб және тәрһиб (дінге шақыру);

-         Халифа мен басшыларға жағымпаздану.

[Толығырақ қараңыз: Қ.Құрманбаев, «Хадис ілімі», 120-145 –бб. Алматы 2014]

МӘЗҺАБ ИМАМДАРЫ ТУРАЛЫ САХИХ ( СЕНІМДІ) ХАДИСТЕР

Мақаламыздың басында айтқанымыздай Алла елшісінің (ﷺ) имамдарымыздың  атын атап, түсін түстеп көрсеткен ешқандай хадисі жоқ. Бірақ, «ишара» ретінден айтылған хадистер бар. Мысалы...

1)    ИМАМ ӘБУ ХАНИФА ТУРАЛЫ.

Әбу Һурайра ( Алла оған разы болсын) Алла елшісінің (ﷺ): «Егер де дін Сураия жұлдызында болса,  мыналардан болған (парсылардан)  бір адамдар (не бір адам)  оған қол жеткізеді»,- дегенін жеткізген.  [САХИХ БУХАРИ 4897, САХИХ МУСЛИМ  2546].  Имам әс –Суютый аталмыш хадис туралы: « Бұл хадисте айтылған адамды ғалымдар бірауыздан Имам Ағзам Әбу Ханифа екенін мойындаған»,-деген.

2)    ИМАМ МӘЛІК ТУРАЛЫ

Әбу һурайра ( Алла оған разы болсын) Алла елшісінің (ﷺ)  : « Адамдар ілім іздеу үшін сапарға шығатын уақыт таяп қалды. Алайда олар Мәдиналық ғалымнан артық білімді ешкімді таба алмайды»,-дегенін жеткізген. [ТИРМИЗИ 2680, ИМАМ АХМАД «МУСНАД», ИМАМ ИБН ХИББАН «САХИХ»]

Осы хадисті жеткізушілердің бірі Суфиян ибн Уяйнадан хадистегі Мәдиналық ғалымның имам Мәлік екендігі, ал басқа риуаятта оның Абдулазиз әл-Омари екендігі жеткен. Алайда, Омар ибн әл-Хаттабтың ұрпағынан болған Абдулазиз ибн Абдулла тақуалықта көзге түсіп, ал білім-ғылымда имам Мәліктей болмағанын ескерген ғалымдар, хадисте айтылған адам имам Мәлік деп келіскен.

3)    ИМАМ ШӘФИҒИ ТУРАЛЫ

Пайғамбарымыз (ﷺ) қасиетті хадисінде:

«Құрайыштарды сөкпеңдер! Расында, осы рудан жер бетін біліммен толтыратын ғалым келеді»,-деген. [Абу Асым, «Сунна» 2/637, Байһақи «Мағрифа» 1/206]

Ғалымдар: Бұл жерде Алла елшісі Құрайыш руынан болған  Имам әш-Шафиғиді меңзеп жатыр, өйткені Құрайыштардан одан асқан ғалым болмаған,-деп тұжырымдайды.

Имам Ахмад ибн Ханбал:

 

قال أحمد بن حنبل: إذا سئلت عن مسألة لا أعرف فيها خبرا قلت فيها بقول الشافعي؛ لأنه إمام قرشي وقد روى عن النبي: -صلى الله عليه وسلم- أنه قال: "عالم قريش يملأ الأرض علما"

« Егер маған біреу сұрақ қойса және ол сұрақтың жауабын білмесем, онда оған имам Шәфиғидің айтқанындай жауап беремін.  Себебі, ол -  құрайыш руынан.  Ал, Алла елшісінен (ﷺ): «Құрайыштарды сөкпеңдер! Расында, осы рудан жер бетін біліммен толтыратын ғалым келеді»,-деген хадис риуаят етілген». [ Хафиз аз-Захаби «Сияру-а'лям ан-нубуля»].

Алла баршамызды тура жолынан айырмасын!!!

НҰРЛЫБЕК САБЫРҒАЛИЕВ,

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ТЕМІР АУДАНЫ

«ШҰБАРҚҰДЫҚ КӘСІПШІЛІГІ» МЕШІТІНІҢ

БАС ИМАМЫ

НУРЛЫБЕК САБЫРГАЛИЕВНУРЛЫБЕК САБЫРГАЛИЕВ
4 жыл бұрын 3322
0 пікір
Блог туралы