СӘЛӘФИЗМНІҢ БОЛАШАҒЫ ЖОҚ, КЕЛЕШЕГІ - БҰЛЫҢҒЫР
СӘЛӘФИЗМНІҢ БОЛАШАҒЫ ЖОҚ, КЕЛЕШЕГІ - БҰЛЫҢҒЫР
 

Аллаға шүкір, қылышынан қан тамған кеңес үкіметінің солақай саясаты келмеске кетіп, еліміз тәуелсіздігін алып, сүйікті дінімен қайта табысып, етек-жеңімізді жинап, тәубешіл және шүкіршіл қоғамды қайта құрдық. Жетпіс жылдық атеизмнен кейін дініміз өркендеп, халқымыз сауаттанып, «Алланы – бір, Пайғамбарды – хақ, Құранды – шын» дейтін қараша халықтың қарасы көбейді.

Дегенмен, жақсылық пен жамандық қатар жүретін мынау жалған сынаққа толы өмірімізде біздің қабырғамызды қайыстырып, көңілімізді пәс қылатын жағдайлар мен оқиғалар көптеп орын алуда. Жастарымыз дінге қызығушылықтарын танытып, арғысы Керей мен Жәнібек, бергісі Абай мен Мәшһүр ұстанған дәстүрлі жолмен жүріп, қоғамға, отбасы мен тума-туыстарына пайдасын тигізіп жатса, ал кейбіреуі тура жолдан тайып, өзге ұлттың қолшоқпарына айналып, басқа елдің «жалауын көтеріп» ұрандатып, адасып, «дүмше атанып, дін бұзып жүргені» жасырын емес. Өзекті өртеген, қоғамды бүлдірген, жастардың санасын «жалмаған» ағымдардың саны артты. Сол ағымдардың бірі және бірегейі – салафизм.

Салафизм немесе уаһабизм ағымының қалай пайда болғаны туралы қаншама еңбектер жазылып, зерттеліп жатыр. Сол себепті ол мәселеде қалам тарту ойымда жоқ. Бірақ, айта кету керек, аталмыш ағымның доктриналық идеологиясын XIII ғасырда Ибн Таймия қалады. Ибн Таймияның доктриналық пікірінің Әһлі суннә уәл жәмаға ғалымдарының көзқарасымен келіспейтін тұстары көп болды. Сол себепті, Ибн Таймияға өз уақытында Әһлі суннә уәл жәмаға ғалымдары ескерту беріп, кейбір көзқарасын теріске шығарды. Ибн Таймияның доктриналық ілімін XVIII ғасырда Сауд Арабиясында өмір сүрген Мұхаммед Абдулуаһһаб насихаттап, ары қарай дамытты. Тарихқа үңілер болсақ, уаһабшылдық идеология, негізінен, XX ғасырдың басында I дүниежүзілік соғыстан кейін, еркіндік алды. Алайда, уаһабшылдық идеология көп мұсылман елдерінен қолдау таппағандықтан, олар өздерін жағымды көрсету мақсатында, «біз салафиміз» (бұрынғылардың жолын ұстанамыз) деген ұранымен бүгінде салафизм атымен танылып үлгерді.

Бірақ, қазіргі уақытта да салафилік идеология қоғам арасында қолдау тауып отыр деп ойламаймын. Халықты мәңгүрттікке шақырып, жастардың санасын улап, өмірге, қоғамға, отбасы мен тума-туысқа қарсы қоятын идеология қайтіп қолдау тапсын?! Отан мен азаматтың, қоғам мен тұлғаның, ата-ана мен баланың, күйеу мен әйелдің, бауыр мен бауырдың арасын араздастыратын ағым қалайша мұсылманды тура жәннатқа апарады?!

Салафизм – болашағы жоқ діни ағым. Бұны осылай кесіп айта аламыз. Оған тарих та, қазіргі уақыт та дәлел. Ислам діні сенім, ақида саласында екі мектептен (Матруди мен Әшғарилік), құқық саласынла төрт мәзһабтан (Ханафи, Мәлики, Шафиғи, Ханбали) тұрады. Осы бағыт Алла елшісі (с.ғ.с.) мен сахабаларының жолы және ол – өміршең. Ол – дамиды, өркендеп, халыққа тарайды. Ал, уаһабилік не салафизм ағымы – «уақытша», болашағы – қараң, келешегі – бұлыңғыр. Ол ағымға жастар құр қызығушылықпен кіріп, жиіркенішпен шығып жатыр. Жүрекке – тыныштық, ойға – тұрақтылық бермейді. Себебі неде?

Салафизм – Алланы дұрыс танытатын ағым емес. Аллаға мекен беріп, дене мен мүше бекітіп, орынға мұқтаж қылған ғалымсымақтардың ойлап тапқан «сандырағы». Кешегі сахабалар мен атақты табиғиндер, соның ішінде сахаба Әли (р.а.) мен табиғин Зайнул Абидин Али ибн Хусайын ибн Алидің: «Сен – мекенге тәуелді болмаған Алласың» деп дұғасына қосқан сенімнен емес, ақиқаттан алыс. «Мекен берген, халық қылған, Ол – лә мәкән» деп жырға қосқан Абайлардың жолынан жырақта.

Салафизм – адамның ойын улап, санасын торлап, ақылға тоқтау салып, халықты «мәңгүрт» қылатын жымысқы адамның ойлап тапқан «қаруы». Алла Құранда мұсылмандарды ойлануға, ізденуге, салыстыруға шақырса, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ақылы жоқтың – діні жоқ» деп, ақылды өз орнымен пайдалануға үндеп отыр. Ал бұлар ше? Құран аяттары мен хадистерді түсінуде сыртқы мәнімен шектеліп: «Дінді ақылмен түсінуге болмайды, ол – философия, яғни адасушылық»,- деген түсінікті қалыптастырды. Мақсаттарына жету үшін мешіт имамдары мен белгілі исламтанушы, теологтардың уағызын тыңдауға, кітабын оқуға тыйым салады. Олардың уағызын тыңдап, кітаптарын оқыған адам таза сенімі бұзылып, адасады деп түсіндіреді. Сөйтіп, дінге жаңа келген адамның көңіліне өзгелерге деген сенімсіздік, жауы ретінде қарау танымын сіңіріп, өз айтқандарынан шықпайтындай хәлге келтіреді. Сол себепті аяттар мен хадистердің мәніне үңіліп, діннің рухын ақыл тұрғысынан саралай алмаған адамның мәңгүртке айналары сөзсіз. 

Салафизм – адамның иманды не имансыз екенін намазбен өлшеп, тілдерін кәлимаға келтіріп, мұсылман болған, бірақ, намаз оқымайтын қандастарымызды «кәпірге» шығарып, ата-ана мен бала, бауыр мен бауырдың арасына от салуды көздеген қитұрқы саясат. Анасының «бисмилләмен» пісірген тамағын жемей, әкесінің Алланың атымен бауыздап шалған құрбан етінен ауыз тимей, ата-анасының көңілін қалдырып жатқан балалардың жағдайы қандай өкінішті! Әкесіне дауыс, анасына қол көтерген жас буын өкілдері де осы ағымның жетегінде жүргендер. Сол себепті, бұл мәселемен ел болып күресуіміз керек.

Салафизм – әйелі мен күйеуін ажырастыруды мақсат еткен, балаларды тірідей жетім, аналарымызды жесір етуді мүддеге айналдырған, адастыратын ағым. Мемлекетіміз зайырлы ел болғандықтан, тек АХАЖ бөлімдерінде тіркелген неке ғана заңды болып табылады. Ал, бүгінгі таңда мемлекеттің бүтіндігін бұзғысы келетін осы салафилер өз мақсаттарына жету үшін неке мәселесінде де түрлі зымияндықтарға барып жүргені де белгілі. Яғни, жас қыздарды алдап, ата-анасының хабарынсыз, мемлекеттік мекеме АХАЖ-дың куәлігін керек етпей, жасырын неке қидырып жатады. Тіпті, олар неке қидыруға имамға да бармайды. Өз араларында бірнеше сүре жаттаған, некенің шарттарын біле бермейтін біреуге некелерін қидырта салады. Мұндай некелер ислам шариғатымен де, ата-баба дәстүрімен де үш қайнаса сорпасы қосылмайды.

PS: Қазақ империяның боданы болған жылдары дінінен ажырап қала жаздады. Діннен ажырату – ұлтты жоюдың тиімді жолы деп санаған отаршыл топ нәтижеге жетуге барынша ұмтылды. Тәуелсіздік алған жылдардан бері халықтың қайта дінге бет бұру процесі қарқынды жүруде. Бұл – жақсылық нышаны. Бірақ, ел тыныштығын сақтап қалу үшін жоғарыда аталған фундаменталистік ағымдар жетегіне ермеу қажет. Қазақтың салт-дәстүрін, тілін жат санамайтын ата-бабадан мирас болып қалған дәстүрлі діннен алшақтамай, адаспаған жөн.

Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ,

Темір ауданы,

«Шұбарқұдық кәсіпшілігі» мешітінің имамы,

Халықаралық Журналистер Одағының мүшесі 

НУРЛЫБЕК САБЫРГАЛИЕВНУРЛЫБЕК САБЫРГАЛИЕВ
5 ай бұрын 825
0 пікір
Блог туралы