ШОҚАН АҒАРТУШЫ МА?
ШОҚАН  АҒАРТУШЫ МА?

ШОҚАН АҒАРТУШЫ МА?

Бұл өте күрделі сұрақ екен. Осы уақытқа дейін Шоқанды "ағартушы" деп оқып келдік.  Мектепте 10-сынып оқып жүрген кезімізде де Шоқан Уәлиханов туралы айтқанда оның "ағартушы" екенін ұмытпай тілге тиек етіп кететінбіз. Мысалы, 10-сыныптың "Қазақ әдебиеті" (қоғамдық - гуманитарлық бағыт. Алматы. Мектеп. 2006) кітабының 138- бетінде:
"Шоқан (Мұхаммедханафия) Шыңғысұлы Уәлиханов ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы белгілі қоғам қайраткері, үлкен ойшыл ғалым, демократтық-ағартушылық мәдениеттің негізін салған қазақ зиялыларының бірегейі еді",- делінген. Ал, атақты әдебиет сыншысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік ҚИРАБАЕВ:
"Шоқан (Мұхаммедханафия) Шыңғысұлы Уәлиханов ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстанда туған демократтық-ағартушылық мәдениеттің тұңғыш және талантты өкілдерінің бірі",- деп жазады. [Қараңыз: Серік ҚИРАБАЕВ, Көп томдық шығармалар жинағы, 8-том, 258-бет. Алматы. Қазығұрт. 2007]

Ал, "Шоқан ағартушы емес" деген тұжырымды ортаға салған Ғарифолла Есімді оқығанда мен терең ойда қалдым. Ғалым, философия ғылымдарының докторы (1994), профессор (1995), академик, абайтанушы Ғарифолла Есім былай дейді:
"Философия тарихы оқулықтарында Шоқан Уәлихановты ұстаз Ыбыраймен бірге қазақ ағартушысы деп жазып жүрген авторлар бар. Мүмкін ондай түсініктің өз дәлелдемесі де бар болар, бірақ менің түсінігімде Шоқанды ағартушы деп тану шындыққа бастамайтын бағыт",- дей келе, себебін былай түсіндіреді: " Шоқан Уәлиханов ел арасында ағартушылық іспен айналысқан жоқ. Оған оның мұршасы да болмады. Ол әкесі сияқты патшалық Россияның әкімшілігінің қызметінде болып, солардың тапсырмасын орындаумен болды. Шоқанның таланты ағартушылықта емес, ғылым жолында мейілінше айқын ашылды. Шоқан Уәлиханов қазақ философиясы тарихында ғалым деп танылуы керек". [Қараңыз: Ғарифолла Есім, "Тұлғалар - қаламгерлер", 251-252-бб. Астана. Фолиант. 2013]

Иә, мен бұл пікірмен қосылып не қосылмайтынымды кесіп айта алмаймын. Себебі,  "Шоқанның өмірін қайта қарау керек" деген Дулат Исабековтың пікіріне қосылам. Иә, қайта қаралса көптеген шындықтардың беттері ашылып, ғалымдар тарихты "басқаша сөйлететін болар" деп үміт етемін. Бірақ жоғарыдағы Ғарифолла Есімнің пікірі қатты толғандырғаны рас... Ойланатын мәселе екен!!!

НУРЛЫБЕК САБЫРГАЛИЕВНУРЛЫБЕК САБЫРГАЛИЕВ
1 жыл бұрын 1519
0 пікір
Блог туралы