Қыдыр ата (а.с.) тұлғасы – ғасырлар бойы зерттеліп, әлі де жалғасын тауып келе жатқан феномен. Себебі, ол адам туралы жазылған деректер әртүрлі, түсініктер де әр алуан. Мысалы, бір анықтама бойынша, Қыдыр ата (а.с) – Ислам дініндегі пайғамбар. Құран Кәрімнің «Кәһф» сүресінде Мұса пайғамбар (а.с.) сапарға шыққан кезде Қыдырға (а.с.) жолыққаны, Алланың оны Мұсаға (а.с.) тағылым үйрету үшін арнайы жібергені жайлы айтылады. («Кәһф» сүресі, 60-82 аяттар). Екінші бір анықтама бойынша, ол – мифтік бейне. Түркі халықтары мифологиясында Қыдыр бейнесінің астарынан Ислам дініне дейінгі және одан кейінгі кезеңде пайда болған екі діни-фольклорлық дәстүр түсінігі аңғарылады. Кей халықта ол «теңізде сапар шегушілердің қамқоршысы» деп есептелсе, үнділер «су иесі» деп қабылдаған, сондай-ақ кейбір халықтарда «өрттен, су тасқынынан, ұрлықтан, жылан шағудан сақтайтын пір» деп те есептеледі. Осындай әртүрлі түсініктің пайда болуына Қыдыр атаның Құран Кәрімге дейінгі қасиетті (Мысалы Таурат) кітаптарда кездесіп, «Илия» деп тілге тиек етілуі, Ислам ғалымдары Құран мен хадиске сүйене отырып, әртүрлі көзқарастарды білдірулері және де оның тұлғасының қазақ және өзге ұлттардағы жыр-дастандарға батыр, әулие, пайғамбар ретінде енуі себеп болып отыр. Сонымен қатар, қазақ халқының жыр мәтіндерінде де Қыдыр ата мен Қызыр ата, Ілияс есімдері дербес үш тұлға ретінде аталады («Қызыр ата, қырық шілтен; Қыдыр менен Ілияс; олар да болсын жолдасың» немесе «Қызыр, Ілияс жар болып, Қыдыр ата қолдасын»). Осыған байланысты «Қыдыр» мен «Қызыр» (Хадир, Хидр, Хизр) бейнелерінің екі түрлі мифтік бастаудан өрбіп, уақыт өте, есімдерінің сыртқы ұқсастығына және мифтік сәйкестігіне қарай бір бейне ретінде түсіндірілгенін топшылауға болады. Бірақ, біз бүгінгі әңгімемізде ол кісіні дін тұрғысынан қарастырамыз. Яғни, Қыдыр туралы екі көзқарастың біріншісі – дұрысы және сенімдісі.
Бұл кісі не үшін Қыдыр атанды?
Хадисте оның аппақ ұлпа жүнге отырғанын, сол ұлпаның оның арқасынан жасыл түске айналып, желпілдеп тұрғаны айтылған. [Имам Бухари, «Сахих» 2/247.] Әл Хаттаби болса: «Ол кісі жүзінің нұрлылығы мен көркінің әдемілігі себепті «Жасыл» деп аталған», – дейді. [Ибн Касир, “Бидая уә Ниһая” 1/327]. Яғни, түсінгеніміздей, «Қыдыр» сөзі «жасыл» деген мағынаны білдіреді. Бұл «Хыдыр» деген арабша сөз (الحضر) қазақ әдебиетінде «Қызыр» деп жазылса, халық ауыз әдебиетінде «Қыдыр» деп айтылады. Оның себебі, арабтардың «Дад» (ض) деген әрпінің не толықтай «Д» (ض) әрпіне, не толықтай «З» (ظ) әрпіне жатпайтындығы. Міне, осы себепті бұл сөз әртүрлі жазылады. Қазақша дыбысталу ерекшелігіне қарай алғанда «Хыдыр» не «Қыдыр» деуге де болады. Бірақ, оны Рамазан айында келетін Қадыр түнімен шатастырмау керек. Қадыр түні Хыдыр ата (а.с.) келеді деген түсінік өрескел қате. Бұл адам туралы сөз қоғамас бұрын көзі қарақты оқырман ол кісі туралы Құран мен хадисте айтылған діни мәтіндерді оқып танысуы қажет деп таптым. Сонда ғана, оқырманға көп дүниелерді түсіну оңайға түседі.
Мұса (Алланың оған сәлемі болсын) мен Қыдыр атаның арасындағы қиссаны барлығы біледі. Оқыды. Тыңдады. Бұл хадис өте ұзақ және өзінің ішінде өте қызықты детальдар қамтылған. Алайда, біз тек тақырыбымызға байланысты кейбір деректерге ғана тоқталамыз.
Хадисті мұқият оқып отырсақ, Қыдырдың әлемі бөлек екенін ұға аламыз. Біздің түсінігіміздегі әлемге ұқсамайды. Хадисте: «Сол кезде әлгі қуырылған балық тіріліп, себеттен секіріп теңізге түсіп, жүзіп кетеді. Алла балыққа судың ағысын тоқтатты. Сонда су доға тәрізді болып қалды («мынандай ойық тәрізді» деді). Юша бұл жайтты тамашалап отырды» деген жолдар бар. Яғни, екеуі сол доғаның бойымен жүріп, Қыдырдың (а.с.) әлемінде онымен кездесулері де ғажап емес.
Исламтанушы Құдайберді Бағашар өзінің «Қыдыр ата кім?» атты мақаласында: «Тіпті, өмір сатыларының бірінде оның өзіне тән кейіпте өмір сүріп жатқанын, рухани жетілуде «Қыдыр деңгейі» деген биік деңгей бар екенін, сол деңгейге жеткендердің онымен кездесуі әрі өзінен тіке дәріс алуы мүмкін екеніндігін де білдірген», – деп, осындай көзқарасты кейбір ғалымдардың ұстанғанын айтады. Міне, Қыдыр атаның тұлғасы осы себепті феномен деуге болады. Бұл, әлі де зерттелуі тиіс тақырып.
Қыдыр – пайғамбар ма, әулие ме?
Бұл мәселеде ғалымдар бірауыздан келіспеген. Кейбір ғалымдар оны әулие құл десе, басқалары нәби-пайғамбар деген. Тіпті періште дегендері де бар. [Ибн Хаджар Асқаляни «Фәтхул Бәри фи шарх сахих Бухари», 2/500, имам Нәуәуи, «Минһадж фи шарх Сахих Муслим» 15/136]. Дегенмен оның пайғамбар болғандығы салмақты пікір. [«Фәтхул Бәри» 6/500, Ал Айни «Умдотул Қори» 2/91]. Имам Сәғләби (Алла рақым етсін): «Ол – пайғамбар», – деген [«Шарх Сахих Муслим» 15/136, «Фәтхул Бәри» 6/500]. Абул Фарадж ибн Жәузи (Алла рақым етсін) Қыдырдың (а.с.) пайғамбар екенін қабылдай отырып, былай дейді: «Мен бұл істердің ешқайсысын өз бетіммен істеген жоқпын» (Кәһф, 82-аят) деген аят оның уахи түсірілген пайғамбар екендігін көрсетеді. Сондай-ақ, кейбір ерекше білімді Мұсадан артық білуі де соған дәлел. Өйткені, әулие құлдың пайғамбардан да білімді болуы мүмкін емес», – деген [әл-Айни, «Умдотул Қори» 2/91]. Ибн Хаджар Асқаляни (Алла рақым етсін) да осы көзқараста. [«Фатхул бәри» 1/329].
Қыдыр өлі ме, тірі ме?
Бұған да ғалымдар әртүрлі көзқарас айтқан. Имам Бадруддин әл-Айни әл-Ханафи (855/1451 ж.қ.б): «Ғалымдардың көпшілігі Қыдырдың (а.с.) қияметке дейін жер бетінде күн кешетінін айтқан», – деген. [әл-Айни, «Умдотул Қори» 2/91]. Кейбір ғалымдар Адам (а.с.) пайғамбардың оған жасаған дұғасының себебінен ұзақ өмір сүрген десе, басқалары оның өмір суын ішіп, көп өмір сүргенін білдірген» [Сонда, 2/91]. Әл Бағауи (516/1122 ж.қ.б.): «Төрт пайғамбар тірі. Олардың екеуі жерде. Екеуі аспанда. Жердегілер – Қыдыр мен Ілияс, аспандағылар – Иса мен Ыдырыс», – деген. [Али әл-Қари, «Мирқатул Мафатих» 10/169, ибн Хаджар «Фатхул бәри» 2/500]. Ибн әс-Салях (643-1245 ж.қ.б.): «Қыдыр (а.с.) – ғалымдар мен солихтардың көзқарасы бойынша тірі. Бұл тақырыпта көпшілік оларды құптайды», – деген. [ибн Хаджар, «Фатхул бәри» 6/500, имам Нәуәуи «Шарх Сахих Муслим» 15/136]. Имам Нәуәуи (676/1277 ж.қ.б): «Көптеген ғалымдардың көзқарасы бойынша Қыдыр (а.с.) әлі тірі, арамызда жүр», – деген [Имам Нәуәуи, «Шарх Сахих Муслим» 15/135-136]. Қыдырды (а.с.) мына адамдар көргені туралы риуаят жетті: Омар ибн Абдулазиз, Ибраһим ибн Адһам, Бишр әл Хафи және әл Қархи [Умдотул Қори, 15/413]. Ибн Хаджар Асқаляни (Алла рақым етсін) айтады: «Қазіргі уақытқа дейін Қыдырдың (а.с.) тірі екенін дәлелдейтін хасан сәнәдпен тек мына риуаят келген. «Риях ибн Абида: «Омар ибн Абдулазиздің қолына сүйеніп жүріп бара жатқан бір адамды көрдім. Әлгі адам кеткеннен кейін оның кім екенін сұрадым. Сонда Омар ибн Абдулазиз: «Сен оны көрдің бе?» – деп сұрады. Мен: «Иә», – дедім. Ол: «Сені ізгі солих адам деп білемін. Бұл – бауырымыз Хыдыр. Ол менің әділетті басшы болатынымды сүйіншілеп кетті», – деген [«Фатхул бәри», 6/501-502].
Қыдыр қолдай ма?
«Қазақы түсінігімізде Қыдыр ата, жақсылық таратушы, қиналғанға көмектесіп, береке тасушы секілді ұғым бар. Сондықтан бата бергенде «Қыдыр дарысын», «Қыдыр қолдасын» деп айтып жатады. Бұл сөздері үшін күнәһар болды немесе Аллаға ортақ қосып діннен шықты дей алмаймыз. Алайда, шариғаттың шеңберінен асып кетпеу – әрбір мұсылманға міндет. Бата бергенде халық арасында наразылық тудыратын немесе таласты сөздерді қолданбаған жөн», – дейді дін мамандары. "Жалпы, «Қыдыр қолдасын», «періште қолдасын», «пәленше қолдасын», «түгенше қолдасын» деген сөздер Ислам лекцикологиясында жоқ деуге болады, яғни, «пәлен қолдасын» деп айтатын Исламда үрдіс жоқ",- дейді islam.kz сайтының сарапшысы, дінтанушы Абдусамат Қасым. Әйткенмен, қазақ халқы «қолдасын» деген сөзді тілдік мағынада айтса керек. Яғни, Аллаға серік келтіру мақсатында емес. Әйтпесе, бір Алла деп өткен халық Аллаға ортақ қосуға апаратын іс-әрекет пен сөзге шақырмайды. Мысалы, біреуге «баламды қолдай жүр» деп айтамыз. Немесе, Қыдыр атаның (а.с.) Алла берген кейбір ілімдері мен ерекшеліктері болғандықтан, «Қыдыр ата қолдасын» деген сөз пайда болған шығар. Жоғарыдағы хадистен түсінгеніміз, бұл «қолдау» сөзінің ар жағында Қыдыр атаның (а.с.) үш жағдайда (кемені тесіп, патшаның ісіне тосқауыл бор, қарапайым адамдарға жәрдем беріп қолдауы; ата-ананы болашақта жауыз болатын баласынан қорғап, өлтіру арқылы оларға қолдау білдіруі; балалардың арғы аталары солих, ізгі болғандары үшін дуалды дұрыстап, байлыққа кенелулеріне жағдай жасап) қолдау білдіргенін ескеріп, «әрдайым Қыдыр ата секілді қолдаушыларың болсын» дегендік жатыр. Тағы бір мысал, қазақта «Қыдыр жолдасың болсын» деген тіркес бар. Оны, ауыспалы мағынада түсінген абзал. Жоғарыдағы хадисте Мұса (а.с.) Қыдырдан (а.с.) «Сенің жолдасың болайын ба?» – деп рұқсат сұрайды. Яғни, Қыдыр ата (а.с.) секілді адамға Мұса (а.с.) жолдас болғысы келеді. Сондықтан қазақтар сапарға шыққан адамға «Қыдыр секілді бір жолдасты кезіктіруіңе тілектеспіз» деген түсінікпен «Қыдыр жолдасың болсын» дейді. Сол секілді, «Қыдыр дарып, бақ қонсын» деген сөзге де мұқият назар аударсақ, оның ар жағында «Қыдыр секілді қабілеттерге ие болып, бақытты бол» деген тілек жатыр. Сондай-ақ, халық арасында, «Қыдыр секілді кенеттен келіп, мені бәледен, қиындықтан арашалап қалдың» деген тіркес те бар. Қыдыр ата (а.с.) Құран мен хадисте айтылған үш түрлі жағдайда әлсіздерге кенеттен, ойламаған жерден келіп көмек көрсетті. Сол себепті, осы тіркесті қолдану халық арасында кең тараған. Қазақ әдебиеті теориясында «метонимия» деген ереже бар. Өзара байланысты балама ұғымдарды қолдану, құбылыс орнына оның ерекше қасиетін көрсетуді «метонимия» дейді. Метонимия сөз образдылығы мен ойды ықшамдау мақсатында қолданылады. Мысалы, Абай «Үйі мәз боп қой сойды, Сүйіншіге шапқанға» дегенде сүйінші сұрағанжандардың баспанасын емес, адамдарын айтады. Сол секілді, «Бұхариды оқыдың ба?» дегенде, имам Бұхаридың өзін емес, «Сахих» немесе өзге де еңбектерін оқыдың ба дегенді білдіреді. Міне, Қыдыр ата туралы тіркестер де осы тәрізді. Негізі, Исламда тікелей Алланың панасына сыйыну, тікелей Алладан қорған тілеу үрдісі қалыптасқан. Хадистерде, сахабалардың өмірбаяндарына қарасақ, солай. Сол себепті, бұндай таласты сөздерді қолданбаған абзал. Бірақ, сол сөздерді естіп алып, ойланбай жатып «пәленше кәпір», «түгенше діннен шықты» деу асығыс шешім. Алла баршамызды тура жолдан айырмасын! Әумин!
Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ