Адасқандардың ақидасы
Адасқандардың ақидасы

"Алла аспанда деу - адасқандардың ақидасы"

«Өкінішке орай, бүгінде өздерін салафиміз деп жүрген кейбір жандар мұндай сұрақ арқылы кісінің «ақидасына» дұрыс яки бұрыс деп баға беріп, болашақтағы онымен қарым-қатынасын анықтауды мақсат етеді. Тіпті бұл ағымның кейбір өкілдері үйлену мақсатында танысқан адамға осы сұрақты қойғаннан кейін, егер «Алла аспанда» деген өзі күткен жауабын ести  алмаса, онда онымен ары қарай сөйлеспейді. «Сенің ақидаң адасқан» екен деп, теріс айналып кете беретінін де естіп жатамыз.

Мұндай әрекет – діни білімнің таяздығынан, тепе-теңділік сақтап, жүйелі ойлауды жоғалтқандықтан, қайсыбір ағымдардың біржақты оқытқан, жаттанды мәліметтерін ешбір елексіз құлай беріле қабылдаудан туындайды. Ондай адамдар өздері оқыған немесе тыңдаған уағыздан өзгеше ойлауды адасу яки тозаққа түсу деп ұғады. Үнемі осындай ұшқары іс-әрекет пен шектен шыққан пікірлердің құрбаны болып жатады» (Қ. Жолдыбай, «Дін мен діл» 2-том, 23-бет)

Алла Тағаланың мекенсіз  және аспан мен жерді жарата тұра Өзі оған мұқтаж емес екеніне ғалымдар бірауыздан келіскенін айта отыра, осыны дәлелдейтін қосымша кейбір дәлелдерге тоқталып өтуді жөн көрдім. Сонымен:

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

وَقَالَ فِرْ‌عَوْنُ یَا أَیُّهَا الْمَلَأُ مَا عَلِمْتُ لَکُم مِّنْ إِلَـهٍ غَیْرِ‌ی فَأَوْقِدْ لِی یَا هَامَانُ عَلَى الطِّینِ فَاجْعَل لِّی صَرْ‌حًا لَّعَلِّی أَطَّلِعُ إِلَى إِلَهِ مُوسَى وَإِنِّی لَأَظُنُّهُ مِمنَ الْکَاذِبِینَ

«Перғауын: "Әй, бастықтар! Мен сендер үшін менен басқа тәңір барлығын білмеймін. Әй, Һаман! Лайды оттың үстіне салып маған  Мұсаның құдайына көтерілуім үшін биік мұнара тұрғыз.  Бәлкім Мұсаның Тәңірін көрермін. Расында оны өтірікші деп ойлаймын", -деді». (38)

Шын мәнінде Перғауын баршаны алдау үшін осындай бұйрық беріп, халыққа: «Мен өзім – Құдаймын. Сендер үшін басқа Құдайды танымаймын. Бірақ мен Мұсамен жеке бас дұшпандығына ие және оның сөзін жөнсіз теріске шығарады деп ойламауларың үшін және сендердің үлкендерің де менің сөзімді түсініп, аспанда Құдайдың жоқ екендігін, Мұсаның өтірік айтатынын өз көздеріңмен көрулерің үшін осындай мұнара салуға бұйырдым», - деді.

Ей, Алланың құлы! Аллаға мекен беріп, оны аспанда деуден сақ бол! Бұл Перғауынның ақидасы екенін  біл! Расында ол, Алланы аспанда деп ойлады және Алланы көремін де есептеді.

Аллаға мекен беру, «Алла - аспанда» деу – христиандар мен яһудилердің ақидасы! Қазіргі «Інжілді» оқып отырсаңыз, бұған анық көз жеткізесіз.

«Библия говорит, что истинное место «обитания» Творца на небесах:  «Господь во святом храме Своем, Господь, - престол Его на небесах» (Пс. 10:4)

Бұл тек бір мысал ғана. Осыдан бөлек қаншама жазбалар бар.

Ей, Алланың құлы! Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадистерін еске ал. Алла елшісі (с.а.с.) сол кездің өзінде-ақ жүріс-тұрысымыз бен киім-киісімізде ғана емес, тіпті ақида мәселесінде де кітап иелеріне еліктейтінімізді біліп айтып кеткен. Мысалы:

Абу Са‟ид әл-Худри Аллаһтың Елшісінің (с.ғ.с.) былай дегенін жеткізген: «Сендер міндетті түрде өздеріңнен бұрын өмір сүргендердің әдет-ғұрыптарына ізбе-із ілесесіңдер. Тіпті олар кесірткенің ініне кірсе де, сендер міндетті түрде олардың соңынан ересіңдер». Кейін Абу Са‟ид: «Біз одан: «Уа, Аллаһтың елшісі, сіз яһудилер мен христиандарды меңзеп тұрсыз ба?» - деп сұрадық. Ал ол: «Басқа кімді», - деді», - деп айтқан. [Бухари 3456; Муслим 2669; Ахмад 11800 ]

Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас Пайғамбардың (с.а.с.): «Бізден болмағандарға еліктеп-ұқсайтындар бізден емес. Яһудилерге де, христиандарға да еліктеп-ұқсамаңдар», - дегенін баяндаған. Хадис жақсы (хасан)[Тирмизи 2695]

Енді ойланыңыз! Уаһабизм ағымының өкілдері біздерді қандай «қорқынышты» ақидаға шақырып жүргенін.  Бұл ағым өкілдерінде екі үлкен мәселе бар. Не бұлар өз ақидаларын білмейді, не болмаса білсе де ақиқатты жасырып, өз ойларын ақиқаттан жоғары қояды. Алла білушірек.

Енді, ойлан! Осындай ақидамен жүру сенің жүрегіңе қаншалықты «тыныштық» сыйлайды?!

 

Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ,

Ақтөбе қаласы,

«Әл-Ләтиф» мешітінің

бас имамы

 http://nurgasyr.kz/index.php/ma-alar/2255-alla-aspanda-deu-adas-andardy-a-idasy

 

 

 
НУРЛЫБЕК САБЫРГАЛИЕВНУРЛЫБЕК САБЫРГАЛИЕВ
6 жыл бұрын 3661
0 пікір
Блог туралы